Новости клуба

ТУҒАН КҮН ИЕСІНІҢ ҚҰРМЕТІНЕ ОРАЙ ЖОЛДАСТЫҚ МАТЧ ӨТТІ

28 тамыз күні "Орталық" стадионда Қазақстан футболының аңызына айналған Сейілдә Байшақовтың туған күніне орай Тараз қаласы мен Жамбыл облысы футбол ардагерлерінің арасында жолдастық матч өтті. Жамбыл футболының түлегі, "Қайрат" ойыншысы болған Сейілдә Икрамұлы биыл 71 жасқа толып отыр.

Естеріңізге сала кетейін, былтыр 70 жас мерейтой кезінде "Қайрат" пен "Тараз" ардагерлері арасында тартысты кездесу өткен еді. Сол жолы әрбір туған күнді осылай атап өту туралы шешімге келген болатын.

"Орталық" стадионда өткен матчқа Тараз қаласында әуесқойлар футбол лигасында ойнап жүрген ардагерлер командасы мен облыс бойынша жасақталған ардагерлер ұжымы қатысты. Соңғы команданы алаңға Сейілдә Байшақов капитан ретінде бастап шықты.

Жасыл алаңға шыққан ойыншылар қатарында Анатолий Бельский, Евгений Просветов, Фархат Мирсалимбаев, Сергей Тагиев, Асқар Кушекбаев, Бекмұрат Хайтмуратов, Сергей Пак, Сүйін Молдашбаев секілді кезінде жасындай жарқылдаған футболшылар шықты.

Ойын барысында көптеген өткір шабуылдар болғанымен қорғаушылар жағы өз міндетін мүлтіксіз орындап шықты. Былтырғы матч 3:3 есебімен аяқталған болса, бұл жолы есеп ашылмады. Жолдастық кездесулерде мұндай нәтиже өте сирек кездеседі.

Кездесу соңында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен "Тараз" футбол клубы туған күн иесі мен өзге де ойыншыларға естелік сыйлықтар тапсырды