Клуб жаңалықтары

«ТАРАЗ» - «ЖЕТІСУ»: МАТЧ АЛДЫНДА

Матч тартысты әрі қызықты өтеді деп күтілуде. Талдықорғандық команданың бұрынғы ойыншылары Педро Эуженио, Ненад Адамович, Ермек Қуантаев бүгінде «Тараз» сапында өнер көрсетеді.

Бірақ матчтың тартысты өтетіндігіне бұл жайт емес, екі ұжымға да ұпай ауадай керектігі себеп болып тұр. Қай команда болмасын жеңіске жетуді көздейді. Тең есеп ешкімді қанағаттандырмайды.

Алаң қонақтары өткен турда «Астана-Арена» стадионында елордалық клубпен кездесіп, лайықты өнер көрсетті. Есеп 1:0 есебімен аяқталса да оңай беріле салмады. Тіпті матч соңында теңестіріп кететін жүз пайыздық мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Әйтпегенде, ойын тең деңгейде өтті деуге келеді.

Ал «Тараз» үшін бұл ойын чемпионаттың бірінші айналымында өз алаңында өткізетін соңғы матч болып есептеледі. Келесі өз алаңындағы кездесуді маусым айының ортасында бірақ өткізеді. Ол кезде «Қайратты» қабылдайды. Оған дейін «Ордабасы» (24 мамыр) мен «Қызылжар» (28 мамыр) командаларымен сырт алаңда ойнайды.

Бұл ойында стадионға көрермендер стадионның 20% сыйымдылығына дейін Ashyq мобильді қосымшасы арқылы жіберіледі. Ол үшін стадионға кіремін деген әрбір көрерменнің ұялы телефонында Ashyq қосымшасы қондырылуы шарт. Сол арқылы стадионға кіреберісте көрсетілген арнайы QR-кодты сканерлеп, азаматтың эпидемиологиялық статусын анықтау қажет. Жасыл немесе көк түс шықса, стадионға кіруге рұқсат етіледі. Ал қызыл немесе сары түс шықса онда ол азаматқа стадионға кіруге тыйым салынады. Бұл қазіргі уақытта стадионға жанкүйер кіргізудің жалғыз жолы. Сондай-ақ, азаматтардың денсаулығы қашанда бірінші орында тұруы тиіс. Түсіністік танытуға шақырамыз.

Билеттер стадион кассаларында сатылымда бар. Ерекесектерге 500 тг, 14 жасқа дейінгі балаларға 200 тг. Сонымен қатар, жанкүйерлер биылғы футбол маусымына арналған абонементті де сатып ала алады. Бұл абонемент «Тараздың» өз алаңында өткізетін ҚПЛ мен ҚР Кубогы матчтарына кіруіне мүмкіндік береді. Құны – 5000 тг.

Кездесу 19 мамыр күні сағат 18:00-де басталады. Ойын pflk.kz, sportresc.com сайттарында, Qsport телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі деп жоспарланған.

«Тараз» КФК баспасөз қызметі