Клуб жаңалықтары

«ТАРАЗ» ТУРНИР КӨШБАСШЫСЫМЕН ТЕҢ ТҮСТІ

Қостанайлық команда биыл бас жүлде үшін барын салып ойнауда.. Чемпион атануға болатын мүмкіндікті мүлт жіберіп алғысы келмейтіні түсінікті. Бұл турда да «Таразды» жеңіп, үш ұпай олжалау үшін бас бапкер алаңға барлық мықты ойыншыларын шығарды.

Бірақ алаң иелері биылғы маусымдағы межеге қол жеткізу үшін ұпай алуды көздеді. Алғашқы минуттардан бастап «Тараз» ойыншылары есеп ашатын тамаша мүмкіндіктерге жол ашып, қақпаға соққы жасап, қорғаушыларды қапы қылдырып жатты. Дегенмен, сәттілік серік болмай, соққылардың барлығын қостанайлықтар бұрыштамаға қарай бағыттап жіберіп жүрді. Ненад Адамовичтің қақпаның «тоғыздығына» қарай бағыттаған соққысын Александр Мокин серпіле секіріп, алып шықты. Ойынның орта тұсынан ауа бергенде ойын тізгіні «Тобыл» футболшыларының «аяғына» ауысты. Бірақ Мұхамеджан Сейсен бірнеше қауіптің бетін қайтара алды.

Ал екінші тайм алаң қонақтарының басымдығымен өтті деуге болады. «Тараз» да қарымта шабуылдарға сәтті шыға білді. Матч соңына таман ойын көркі тіпті қыза түсті. Қос команда да тең нәтижеге қанағат қылғысы келмейтінін аңғартып, жылдам шабуыл жасауға иек арты. Дегенмен, бұл кездесуде қақпадан саңылау табыла қоймады. Қорытынды есеп 0-0.

«Тараз» келесі кездесуді өз алаңында өткізеді. 22 қыркүйек күні сағат 18:00-де Қазақстан Кубогының плей офф кезеңінде қарағандылық «Шахтерді» қабылдайды. Ол ойынға жанкүйерлердің кіргізілуі туралы қосымша хабарлайтын боламыз. Клубтың әлеуметтік желілердегі парақшаларын оқи жүріңіздер!