Клуб жаңалықтары

ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫ: АЛҒАШҚЫ МАТЧ ЖӘНЕ ЖАҢА КЕЛІСІМШАРТТАР

Жиын барысында бірқатар футболшылармен келісім-шарт жасалды. Олардың қатарында бір легионер бар.

Оқу-жаттығу кезінде қаралымға келген Гаити құрамасының ойыншысы Алекс Жуниор команда бапкерлерінің ойынан шығып, нәтижесінде ресми түрде клуб ойыншысы атанды. Ол қазақстандық жанкүйерлерге таныс, себебі былтырғы маусымда «Атырау» футбол клубында ойнаған болатын. Онда 12 матчта 1 гол соқты. Алекс «Арарат-Армения» командасымен Армения біріншілігінің екі мәрте жеңімпазы және Суперкубок иегері атанған. Гаити жастар құрамасына шақырылып тұрса, қазіргі кезде ұлттық құраманың ойыншысы.

Сонымен қатар, жамбыл футболының түлектері Нұрлан Даиров пен Бекзат Шадманов та команда құрамына қосылды. Нұрлан 2012 жылы кәсіби мансабын алматылық «Қайрат» сапында бастаған. 2012-2016 жылдары «Қайраттың» әртүрлі командаларында ойнап, 2017 жылы «Оқжетпеске» жалға берілді. Былтыр «Қызыл-Жар» командасында 21 матчқа қатысты. Ал Бекзат кәсіби мансабын 2015 жылы «Тараздың» жастар командасында бастады. 2017 жылдан бері ҚПЛ да ойнап келеді. Былтыр «Қайсар» сапында маусымды өткізіп, бас-аяғы 19 матчқа қатысқан.

Еске сала кетсек, оның алдында клуб түлектері Бауыржан Байтана, Мұхамеджан Сейсен, Абзал Таубай, Әлішер Сүлей, Мақсат Әмірханов, Берік Айтбаев, Әділет Кеңесбек, Абылайхан Жұмабек пен Бінмұхамед Қараман клубпен келісім шартты әрі қарай жалғастырған болатын. Марат Шахметов та командаға ресми түрде қайта қосылды.

Бірер күн бұрын тараздықтар ОЖЖ шеңберінде алғашқы бақылау матчтын өткізді. Косова елінің «Ульпиана» командасымен кездесіп, ойын 1:0 есебімен қарсыластар пайдасына аяқталды. Бұл матчтағы басты мақсат нәтиже емес, қаралымда жүрген футболшыларды байқап көру болды.

Келесі бақылау матчтары 29 қаңтар күні германиялық Бундеслига командасы «Падерборн» және 2 ақпан күні сербиялық «Колубара» командалары болмақ. Қос кездесудің де басталу уақыты Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен сағат 19:00-де.

«Тараз» ФК баспасөз қызметі