Нұркен МАЗБАЕВ: Әр позицияда күрес бар

  • Бүгінгі жеңіс туралы ойыңызды жеткізсеңіз

-Екі бірдей жеңілістен соң қайта қалыпқа келіп, жанкүйерлерге серпіліс сыйлауға тырыстық. Бүгін жеңіске жету үшін зор ықылас пен құлшынысты көрсете алдық. Біз қарсылас команда ойыншыларының бойшаңдығы мен күшке салып ойнайтынын ескердік. Жалпы кездесу тең деңгейде өтті. Тек шабуылды аяқтауда біздің жігіттердің жекелеген шеберлігі басым болды. Қарсылас командада да жақсы мүмкіндіктер болды. Мұнда әрбір алаң бөлшегінде күрес жүрді. Ойынды сараптаймыз. Бірақ көп жағдайда біз басымдық таныта алдық деп ойлаймын. Мұның барлығы жанкүйерлер қолдауының арқасы.

  • Бүгінгі матчта екі бірдей шабуылшы шығардыңыз. Бұл жеңіске жетуге ұмтылған тәуекел ме?

-Бұл кездесуге қойылған тактикалық жоспарды жүзеге асыруға бағытталған қадам. Әрі стандартты жағдайда әуедегі допқа таласта Жорже Элиас тәуір ойнайды. Оны алмастырғанымыз ол аздап шаршап қалғаны байқалды. Ал Жұмабек жеңіл жарақат алып, алмастыруды өзі сұрады. Ал тыңнан қосылған ойыншылар ойынды сол бағытта жалғастыра білді.

  • Жалпы қосалқы құрамдағы ойыншылар сапасы жоғары деуге негіз бар ма?

-Егер бізде солақай жақсы тағы бір шабуылшы болса бұл ойды толық қуаттауға болар еді. Дегенмен әрбір позицияда мықты бәсеке бола алар ойыншылар жеткілікті. Бұл тұста балаларды дайындап жатқан жаттықтырушыларға үлкен рахмет айтуға болады.

  • Кеңесбек бірінші рет мергендігімен көзге түсті. Бұл бапкердің арнайы тапсырмасы ма әлде күтпеген жағдай ма?

-Біздің ойын кестемізде үш орталық қорғаушы бар. Оның біреуі шабуылға қосылып отыруы тиіс. Тіпті шабуылшы ретінде. Сондықтан мұны кездейсоқтық деуге келмейді.

"Тараз" ФК баспасөз қызметі