Клуб жаңалықтары

Нұркен Мазбаев: "Нәтиже жақсы болғанмен, ойынға көңіл толмады"

  • Бұл турдың соңғы матчы болғандықтан оң нәтижемен аяқталған жағдайда турнир кестесінде көш бастайтынымызды жақсы түсіндік. Бірақ психологиялық тұрғыда ауыртпалық салатынын білдік. Нәтиже жақсы болғанымен, ойынға көңіл толған жоқ. Қарсылас команданың шабуылы күшті болмаса да, қорғаныста жақсы екені белгілі. Біз үшін ыңғайсыз команда. Дегенмен мұндай қорғанысты қалай бұзу керектігі бойынша өз жоспарымыз болды. Ал алаңда оны толық жүзеге асыра алмадық. Жылдам соғылған гол жалпы ойынның барысына әсер еткен шығар.

-Бірінші лига командасынан негізгі құрамды күшейте алатын ойыншы бар ма?

  • Қазір командада 24 алаңдағы ойыншы, 3 қақпашы, жалпы саны 27 футболшы бар. Олардың 16-сы матчтарға қатысуда. Ал өзгелері жас ойыншылар. Біздің жақын келешектегі резерв осы балалар. 2000-2003 жылғы жастар да бар. Олардың жаттығуы үнемі біздің бақылауымызда. Сондай-ақ, трансфер кезінде жақсы шабуылшы алып күшейсек, команда алдына жаңа әрі жоғары мақсаттар қоюға болады деп ойлаймын.

-Алда екі бірдей сырт алаңдағы матч болады. Оның бірі турнир кестесінде көшбасшылар қатарында жүрген "Каспий" клубымен. Бұл матчтар туралы не ойлайсыз?

  • "Каспий" өте жақсы команда. Өз стилі бар. Оларда жасанды төсеніш. Сапасы орташадан төмендеу десек болатын секілді. Бірақ біз оны сылтау қылмаймыз. Бүгін "Мақтааралдан" ұтылды. Олардың да әлсіз тұстары бар. Сараптап, зерделеп, ол кездесуде тек қана жеңіске жету үшін алаңға шығамыз.

-Абылайхан Жұмабекті негізгі құрамға емес, матч соңына қарай шығардыңыз...

  • Иә, ол өткен турда жарақат алып қалды. Жалпы жаттығудың соңғы 2-3-не ғана қатысты. Сол себептен тәуекелге бармадық. Дегенмен гол соғатын тамаша мүмкіндігі болды. Бірақ әріптесіне пас беруді ойлағанмен, сәтті шықпады.

Жалпы бүгінгі жеңіспен барша жанкүйерлерді құттықтаймын! Қолдауларыңызды сезінеміз!

"Тараз" ФК баспасөз қызметі