Клуб жаңалықтары

«МАҚСАТЫМЫЗҒА ЖЕТУ ҮШІН ЖҰМЫСТЫ ЖАЛҒАСТЫРАМЫЗ»

-«Тобылмен» ойынға қандай жоспар болды, команда оны орындай алды деп айта аласыз ба?

-Біз бірінші минуттан бастап допсыз жүргенде қарсыласқа қысым көрсетіп, доппен болғанда басымдық танытуды ойластырдық. Алғашқы сәтте бұл ойымыз сәтті іске аса бастады. Гол соғатын мүмкіндіктеріміз болды. 30-35 минут бойы қарқынды ойын мәнерін көрсеттік. Екінші таймда қарсылас команда алаң ортасы мен қапталдан әуелетіп біздің айып алаңға доп асыра бастады. Содан кейін үш бірдей орталық қорғаушы қоюға тура келді. Бұл біздің позициялық шабуыл ұйымдастыруымызға кедергі келтірді. Дегенмен жылдам шабуылдардан қауіпті сәттер ұйымдастыра алдық. Жалпы айтқанда, ойынның қорытынды нәтижесі – ойынның мәнеріне сәйкес деп айтуға болады.

-Екі мачт қатарынан 0:0 есебі тіркелді. Бұл «Тараз» қорғанысқа көп назар аудара бастады дегенді білдіре ме, әлде шабуыл шебінде олқылықтар бар ма?

-«Тобыл» мықты ойыншылары бар тәжірибелі ұжым. Біздің команда қорғаныста ұйымшылдық пен түсіністік танытты. Шабуылға келетін болсақ. Жақсы мүмкіндіктер болып жатыр, бірақ соның нүктесін қоюда салқынқандылық жетіспей жатыр.

-Ойынның нәтижесі қанағаттанарлық дейсіз ғой? Не дегенмен «Тобыл» чемпион атану үшін күрес жүргізіп жатқан команда...

-Біз өз мақсатымызға жету үшін жұмыс жасаймыз. Әр ойында жеңіске жетеміз деп алаңға шығамыз. Иә, «Тобыл» чемпионаттың көшбасшысы. Бірақ ойын қорытындысы бойынша толық қанағаттана алмаймыз.

-Матч басында бес легионер де негізгі құрамда шықты. Ойынның соңғы бөлігінде бір ғана Обилор ойнап, өзгелерін алмастырдыңыз. Бұл жергілікті жас футболшыларға артқан сенім деп түсінсек бола ма?

-Біз олардан көп нәрсе күтеміз. Әлі ашылмаған қыр-сыры, толық көрсетпеген мүмкіндіктері көп. Оны аша білуіміз керек. Өз күштеріне сеніп, үміт артуымыз қажет.