Клуб жаңалықтары

Елдос АХМЕТОВ: «ТЕГЕУРІНДІ ҚАРСЫЛАС ЕКЕНІМІЗДІҢ ТАНЫТАТЫН МЕЗГІЛ КЕЛДІ»

-Елдос, матч туралы қандай пікір білдіресің?

-Биылғы маусымда «Тобылмен» осымен төртінші мәрте кездестік. Құрамы өте жақсы ойыншылардан жасақталған мықты командалардың бірі. Төрт матчтың бір де біреуі оңай өткен жоқ. Жанкүйерлер алдында ұпай алуды көздедік. Кейбір тұстарда сәттілік жетіспей жатты. Әйтпегенде жеңіске жетуге де болар еді. Тең нәтиже – заңды қорытынды.

-Елдос, екінші таймда ойын өте қызып тұрғанда алаңға шықтың. Сондай жауапты сәтте кездесуге араласу қаншалықты әсер етеді?

-Менде бір ай ойын тәжірибесі болмады. Шынын айтқанда, ойынға еніп кету оңай емес. Тыңнан қосылғаннан соң аздап бой үйретуге де уақыт жоқ. Ойынның соңы ғана емес, жалпы кездесу тартысқа толы болды. Қарсыластың басымдығы да сезілді.

-Жарақатың мазалаған жоқ па?

-Жоқ, жарақаттан толық айғып барып шықтым.

-Дұрыс болған екен. Әлі алда бірқатар қиын матчтар күтіп тұр...

-Иә, чемпионаттағы турнир көшбасшыларымен ойнайтын кез жақындады. Өз бабына келе бастаған «Шахтермен» кубоктық кездесу бар. Содан кейін сырт алаңда «Астанамен» ойын күтіп тұр. Шаршау туралы ойлауға болмайды. Бұл матчтар біздің қандай тегеурінді қарсылас екенімізді көрсетпек. Біз оған төтеп беруіміз керек.