Клуб жаңалықтары

Абылайхан Жұмабек: Матч басталған-ақ толқыныс тоқтады

— Абылайхан, соққан голыңмен құттықтаймыз! Адамовичтың пасынан кейін жүгіру керектігін бірден түсіндің бе?

— Мұндай тапсырманы бас бапкер қадап айтты. Екі орталық қорғаушының ортасында орналасып, қажет болғанда бірден қақпаға қарай жүгіру керектігін ескерті. Бір қызығы, ойында дәл осы жағдай орын алды. Қақпаға қарай бір ғана оймен бет алдым. Бұл мүмкіндік және осы жерде гол соғуым керек. Әлбетте, Адамовичтың пасы өте тамаша болды.

— Биылғы маусымда бірден негізгі құрамда алаңға шықтың. Ішкі толқу болды ма?

— Иә, жасырмаймын, толқу болды. Бірақ ойын басталғаны туралы ысқырық естілгеннен толқу сейіліп кетті. Әрбір доп үшін күрес жүргіземін деген ойда ғана болды. Жылдам жіберіп алған екі голдан кейін сынбай, мінез танытқан командаластарыма рақмет.

— Екі гол жіберіп алған алғашқы 22 минутта не болды?

— Өкінішке қарай, ол біздің қателігімізден. Менің ойымша, бұл кезде бізге концентрация жетіспеді.

— Ал тез жинақталуға не әсер етті?

— Біз бір бірімізді алаңда сабырға шақырып, нәтижеге қарамай, соңына дейін күресу керек деп шештік.

— Осы жеңістен кейін команданың жемісті ойнайтынына сенесің бе?

— Әрине, біз бұған дейін де сендік. Бұл матч бізге қосымша күш береді. Алдағы уақытта тамаша әрі әдемі матчтар болатынына сенемін. Сәтті басталуымен команданың барлық жанкүйерлерін құттықтағым келеді.

«Тараз» КФК баспасөз қызметі