"ТАРАЗ" СЫРТ АЛАҢДА ТЕҢ ОЙНАДЫ

Футболдан Қазақстан премьер - лигасының 24 турында Қостанайлық "Тобылмен" кездескен жерлестеріміз 1:1 есебімен тең түсті. Бірінші таймда алаң қожайындары басымдық танытқанымен, реті келгенде "Тараз" ойыншылары да қарымта шабуылға шығып отырды. Алайда, қос қарсылас бірінші таймда есеп аша алмады. Екінші таймда, ойын қызи түсті. Тараздық футболшыларда жақсы мүмкіндіктер болды. Алаң қожайындары да қарап қалсынба, қонақтардың айып алаңында бірнеше мəрте қауіпті соққы жасады. Осындай, ұрымтал сəттің бірінде ойынның бас қазысы "Тараз" қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Оны Қостанайлықтар сəтті пайдаланды. Есеп ашқан "Тобыл" ойыншысы Квеквескири болатын. Тіпті, осы сəтте төреші Тараздық қорғаушы Шадмановты алаңнан қуды. Бұл ойынның 72 минуты болатын. Алайда, 10 ойыншымен қалған Тараздықтарға есепті теңестіруге 5 ақ минут қажет болды. Матчтың 77 минутында Диарадан пас алған Мане "Тобылдың" үш қорғаушысын қапы қалдырып, өзінің үйреншікті əдісімен əдемі голын соқты. Осылай, Қостанайдағы ойын тең аяқталды. Қорытынды бойынша енді "Тобылда" 32 - ұпай болса, "Таразда" 28 - ұпай. Келесі ойында Жамбылдықтар өз алаңында "Ертіс" командасын қабылдайды. Ол ойын 26 тамыз күні Тараздағы орталық стадионда өтеді.