«ТАРАЗ» ФК ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҮШІНШІ КЕЗЕҢІНЕ ДАЙЫНДАЛЫП ЖАТЫР

Фото Айбола Карашева.

Футболдан Қазақстан премьер- лигасы ойындарының екінші айналымы мәресіне жетті. Оның қорытындысы бойынша «Тараз» командасы 12 ші орыннан 6 орынға көтерілді. Енді Жамбылдық жерлестеріміз үшінші айналымға дайындалып жатыр. Футболдан Қазақстан премьер – лигасының 2017 жылғы маусымында «Тараз» командасы бірінші лига ойындарына дайындалғаны белгілі. Алайда, Шығыс Қазақстандық «Алтай» командасын ел біріншілігінен алыстатқаннан кейін, оның орнына чемпионатқа «Тараз» командасы қайта қосылды. Осыған байланысты бірінші лигаға дайындалып жатқан Жамбылдықтар өздерінің ойын жүйесі мен тактикасын өзгертуге тура келді. Алайда, премьер –лиганың бірінші айналымында Тараздықтарға оңай болған жоқ. Олар 17 матчтың біреуінде ғана жеңіп, 4 ойынды тең ойнады, ал 12 ойында жеңілістің ащы дәмін татты. Бірақ, екінші айналым матчтарында «Тараз» командасының жағдайы біртіндеп жақсара бастады. Бұл бірінші кезекте дұрыс футболшылдар таңдап, ойын жүйесін құра білген бас бапкер Ваит Талгаевтің еңбегі. Себебі, екінші айналымда біздің команда 6 рет жеңіске жетсе, оның 3 сырт алаңда болатын. 2 рет тең ойнаса, 3 рет жеңіліс тапты. Алайда, «Тараз» командасы екінші айналымда чемпионаттың лидерлері «Астана», «Қайрат» және «Ордабасы» командаларына ғана ұтылды. Сөйтіп, команда 20 ұпай жинады. Сонымен «Тараз» командасы жалпы саны 27 ұпайды иеленді. Осы маусымда «Тараз» командасы тағы да футболға бірнеше жаңа есімдерді алып келді. Мәселен: жас ойыншы Бақтияр Зайнутдинов 3 гол соқса, Руслан Мухаметшин де үш гол салды. Дәл осындай көрсеткіш, Моррис пен Фещукта да бар. Ал, Жамбылдық Абзал Таубай мен Еркебұлан Сейдахмет те гол соғып көзге түсті. Кеше келген, Маненің де гол соққанын көрдік. Осылай, екінші айналымды сәтті аяқтаған «Тараз» командасы қазір қысқа мерзімді демалыста. Демалыс аяқтала салысымен олар 12 тамызда Тараз қаласында өтетін «Ақжайық» командасына қарсы ойынға дайындалатын болады. Демек, алда жерлестерімізді үшінші айналымның шешуші де қиын ойындары күтіп тұр...