«ТАРАЗ» - «ҚАЙРАТ» 2-1 «ТАРАЗ» ФУТБОЛ КОМАНДАСЫ АЛМАТЫЛЫҚ «ҚАЙРАТ» ФУТБОЛ КОМАНДАСЫН ТІЗЕ БҮКТІРДІ

«ТАРАЗ» - «ҚАЙРАТ» 2-1

«ТАРАЗ» ФУТБОЛ КОМАНДАСЫ АЛМАТЫЛЫҚ «ҚАЙРАТ» ФУТБОЛ КОМАНДАСЫН ТІЗЕ БҮКТІРДІ

 

Ел чемпионатының бірінші тур ойынында өз алаңында Алматылық «Қайрат» командасын қабылдаған Жамбылдық жерлестеріміз айқын басымдықпен жеңіске жетті. «Ұлан» стадионында болған ойынның бірінші таймы тартысты сәттерге толы болды. Әсіресе «Тараз» командасының футболшылары Абзал Таубай мен Бауыржан Байтана, команда сапына биыл алынған Игорь Зеньковичтер өздерінің жойқын соққыларымен қарсыластар қақпасының беріктігін сынап көрді. Реті келгенде Қайраттықтар да қарап қалмады. Әсіресе қара маржан Жерар Гоу өзінің әсерлі ойынымен жанкүйерлер есінде қалды. Жалпы, ойын тартысты сәттерге толы болғанымен бірінші таймда есеп ашылмады. Кезек екінші таймға келді. Екінші таймда Нұрмат Мырзабаевтың шәкірттері айқын басымдыққа ие болып қарсыластар қақпасына бірден лап қойды. Үздіксіз шабуылдап, жақсы ойын өрнегін көрсете білген Тараздықтар екінші таймның 65-минутында есеп ашты. Марат Шахметовтен пас алған шабуылшы Игорь Зенькович екі ойыншыны алдап өтіп тамаша гол соқты. Жамылдықтардың жеңісі бұл ғана емес, арада 20-минут өткенде, яғни 86-минутта жартылайқорғаушы Тарас Данилюк есепті еселей түсіп, қарсыластар қақпасына екінші голды ұрды. Бірақ ойынның аяқталуына небары екі минут қалғанда Алматылықтар командасы есепті қысқартты. «Қайрат» сапында ойнайтын жартылайқорғаушы Виталий Ли 88-минутта бір гол соқты. Ойынның негізгі уақытына төреші төрт минут уақыт қосқанымен қонақтар ешнәрсе істей алмады. Осылай өз алаңында Тараздықтар Қазақстан суперкубогының иегерін 2-1 есебімен тізе бүктірді. Жерлестеріміздің жеңіске жетуіне жанкүйерлердің қолдауы да үлкен демеу болды. Себебі «Ұлан» стадионында ине шаншыр орын болмады. Енді «Тараз» футбол командасы келесі ойынды өз алаңында «Ақтөбе» командасына қарсы өткізеді. Ол үстіміздегі жылдың наурыз айының 19-на жоспарланған.