"ШАХТЕР" - "ТАРАЗ" 0:1 МОРРИС МҮЛТ КЕТПЕДІ

Футболдан Қазақстан премьер- лигасының 22 тур ойындары да өтті. Бұған дейін де хабарлағанымыздай бұл сында Жамбылдық "Тараз" командасы кеншілер қаласы Қарағандыға барып, "Шахтер" командасымен кездесу өткізді. Бұл матч 0:1 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Ойынның алғашқы минуттарынан ақ алаң қожайындарының басымдығы байқалды. Шахтерлік Милон Стояновичтің тура соққысын Логиновский дер кезінде қайтарып үлгерді. Тараздықтар да өз кезегінде Шацкий қорғаған қақпаның беріктігін сынап көрді. Əсіресе, Фещуктің тура тепкен добын Қарағанды қақпашысы қайтарып үлгерді. Ойынның отызыншы минутында Мəлік Манеде керемет гол ұратын мүмкіндік болғанымен, доп қақпа бағанасынан кері қайтты. Бірінші таймның соңына қарай Шахтерлік Хижниченконың қақпаға ұмтылған сəтінде, қорғаушы Воротников сəтті ойнап, допты алаң сыртына шығарып жіберді. Сонымен бірінші таймда жанкүйерлер ешқандай гол көре алмады. Екінші таймда "Шахтер" шабуылшылары алма кезек қарымта шабуылдарға шығып отырды. Тіпті, бірнеше қауіпті соққылар да жасап үлгерді. Алайда, "Тараз" қақпашысы Логиновский ерлік көрсетті. Ол бірде - бір соққыны жіберген жоқ. Есесіне екінші таймның соңында "Тараздықтар" ойынды қолға алып, 83 минутта есеп ашты. Горбанец сол қанаттан өзінің сүйікті əдісімен Морриске əдемі пас шығарған. Моррис мүлт кеткен жоқ. Баспен Шацкий қорғаған қақпаны тулатып түсірді. Бұдан ары Қарағандылықтардың есепті теңестіруге мүмкіндігі де болған жоқ. Сонымен, сырт алаңдағы кезекті жеңісінен кейін "Тараз" командасында 27 ұпай болды. Жерлестеріміз турнир кестесіндегі жайдайын біртіндеп жақсартып келеді.