Біздің клубтың қосалқы құрамы - 2015 жылдың ҚКФЛ кубогының иегерлері!

  • Категория: ИНТЕРВЬЮ
  • Просмотров: 3377


Дәл осы жеңіске зор үлес қосқан Құрмет Қараман мен Қанат Кәрімолла өткен маусым туралы ойларын айтып, болашақтағы жоспарларымен бөлісті

-Жалпы, маусым сендер үшін қалай өтті? 
ҚҰРМЕТ ҚАРАМАН: -Ең алдымен, жанкүйерлерді жеңістерімен құттықтаймын! Жыл бойы қолдағаны үшін команданың атынан алғыс білдіргім келеді. Ал, маусымға келер болсақ, бұл маусым біз үшін жақсы өтті. Команданың алдында ҚКФЛ кубогының фигалына шығу деген тапсырма болған. Финалға шыққан соң, ұжым ішінде ол матчты жеңу керек деген мақсат болды, оны да орындап шықтық. Бұның бәрі, бапкерлердің, басшылықтың, жанкүйерлердің арқасы. 
Маусым өте жақсы өтті, себебі, негізгі құрам сапында көптеген біздің жас ойыншылар өнер көрсетті, оған мен қуаныштымын.

ҚАНАТ КӘРІМОЛЛА: -Иә, бұл маусым біз үшін керемет өтті. Бір жыл бойы біз осы ойынға дайындалдық. Чемпионатта жолымыз болмай, кубокте кеткен есені қайтардық. Бәріміз жиналып, жұдырық болып жұмылып, жеңіске жеттік. Бапкерлердің де берген тәлімі өз септігін тигізді. Әрине, финалдық матчтың алдында бәрімізде қобалжу болды, бірақ қолдаудың арқасында оның бәрі артта қалды. Бастысы, біз жеңдік! Жанкүйерлерге қолдағандары үшін мың рақмет! 

"Қайрат" ФК туралы не айтасың?
ҚАНАТ КӘРІМОЛЛА: -Олар бізге қарағанда, техникалық жағынан мықты, себебі,  оларға  жағдай бізден гөрі көп жасалған, бірақ біз оларды көбірек жеңгіміз келді, жеңіске деген жігер өз дегенін алды.
Олар да жеңгісі келді, ойыннан кейін жылады, құлады, бірақ ол жерде біз де болуымыз мүмкін еді... Аллаға мың рақмет, біз жеңіске жеттік. 

-Кубокты басыңнан асыра көтергенде қандай сезімде болдың?
ҚҰРМЕТ ҚАРАМАН: -Осы туралы финалға шыққан күннен ойланып жүрдім. Кубокты алған кездегі сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Әрине, қобалжыдым, денем түршігіп кетті. 

-Осы маусымдағы, финалдан бөлек,  естен кетпес деп қай ойынды айтар едіңіздер?
ҚҰРМЕТ ҚАРАМАН: -Сырт алаңда өткен "Тобылға" қарсы матч. 2:0 есебімен ұтылып жатқанымыздан бөлек, бір ойыншыға кем ойнадық(Марат Тоғызбай алаңнан қуылған болатын - автор). Үзілісте жігіттермен сөйлесіп, екінші таймға басқа көңілмен шықтық. Есеп 2:2 болып тұрғанда, үшінші голды да соғып едік, таза голды есепке алмады...

ҚАНАТ КӘРІМОЛЛА: -Мен үшін де сол матч есте қалды, әрине мен салған голды есепке алмағаны өкінішті, бірақ, 1 ұпай еншілеп қайттық, ол да жаман емес. 
Тағы бір қызықты матч - өз алаңымызда "Қайратқа" қарсы матч. 10 адаммен ойнап, 1:3 есебімен ұтылып жатып, теңестіріп кеткенбіз

-Өткен маусымның үздік ойыншысы деп кімді айтар едіңіздер? 
ҚҰРМЕТ ҚАРАМАН: -Әрине, Шейхислам Құлахметов.
ҚАНАТ КӘРІМОЛЛА: -Мен үшін де Шейхислам. 

-Қызықты әңгімелерің үшін мың рақмет! 

Сұхбаттасқан: Саламат Дулатов

_