Қалада шын мәнінде жанкүйерлердің қатты қызығушылығын туғызған бұл кездесуді асыға күтті. "Тараз" тікелей бәсекелестері шымкенттік "Қыранмен" кездесуде премьерлигаға шығу үшін тартыстағы мәрелік серпіліс алдында айтарлықтай негіз қалауға мүмкіндігі бар еді. Осындай жағдайда алаң иелеріне жакүйерлердің қолдауы ауадай қажет болатын. Клубтың шын берілген жанкүйерлері ондай қолдауды қамтамасыз ете білді. Сонымен қатар, "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскери қызметшілерінің де қолдауы көп көмек болды.

 

Қолдауды алғашқы минуттардан-ақ бастап жіберген жанкүйерлер бір сәтке де тынған жоқ. Қонақтарды қолдауға келген шымкенттік фанаттар да аянып қалмады. Бір сөзбен айтқанда жергілікті көрермен қауым көптен бері көре алмай жүрген үлкен футбол мерекесінің ауаны сезіліп тұрды. Жанкүйерлердің матч барысында да іштері пыспады. Есеп ойынның төртінші минутында-ақ ашылды. Күтпеген жерден жетістікке қонақтар жетті. Айып добын ойынға қосқан қонақтардың соққысы кейін серпілгенде сасқалақтап қалған алаң иелері Виктор Седельниковтың добын қайтара алмай қалды - 0:1. Жанкүйерлерінің керемет демеуімен арқаланған "Тараз" кеткен есені қайтару үшін алға ұмтылды. Бірнеше рет қонақтар қақпасы алдында қауіпті сәт те туғызған. Дегенмен, шымкенттіктердің айып алаңында нәтижелі шабуыл ұймдастыру оңай емес еді - екінші айналымда 0:7 есебімен ұтылғанын ұмыта қоймаған қонақтар қорғаныста аса сақтық танытты.

Алаң иелері соққан голдың бағасы сондықтан да қымбат еді. Оң қапталдан әуелете берілген допты Константин Дудченко Абзал Таубайға асырды да, ол шамамен 16 метрдей жерден қақпаның дәл бұрышына соққы жасады - 1:1.

Таймның ортасында қонақтар тағы бір гол кіргізді. Бұл жолы оң қапталдан көтеріліп берілген допты басымен бойы биік Дудченкоға асырған Думан Тұрсынбай шеберлік танытты. "Тараздың" шабуылшысы да сасқан жоқ. Допты басымен "қиып", қарсыластар қақпасына топ еткізді - 1:2.

Бұдан кейін де командалар бірнеше рет алмакезек қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанымен, бірінші таймда есеп сол қалпы қалды.

Гол соғатын сәттер аздау болғанымен, тартымдылығы жөнінен екінші тайм алғашқысынан кем түскен жоқ. Тараздықтар қорғаныста тығыз ойнауға тырысса, қонақтар барынша шабуылдауға тырысты. Бірнеше рет қауіпті сәт туғыза да алды. Біздің қорғаныс шебіндегілердің әбден терлеуіне тура келді. Қонақтар ақыры дегендеріне жетті. Ұзақ шабуылдаудан кейін қонақтардың форварды Бекжан Абдрахман айып алаңы шебінен допты алыс бұрышқа шыр иіріп соқты. Команданы Самат Отарбаев та құтқара алмады - 2:2.

Қонақтар шабуылды бұдан кейін де тоқтатпады. Өйткені, "Таразды қуып жету үшін оларға тек қана жеңіс керек еді. Сондықтан да олардың үстін-үстін шабуылы ешкімді таңқалдырмады. Алаң иелері жанын салып қорғанды. Дегенмен, қарсы шабуылды да ұмытқан жоқ. Бұл сын сәтте, әсіресе, арбитр қосқан қосымша алты минут уақытта оларға жанкүйерлер үлкен демеу берді!

Нәтижесінде ойын тең аяқталды - 2:2.

Екі команданың да жанкүйерлері ойыннан үлкен әсермен қайтты деп ойлаймыз. Жеңіске жете алмағанымызға, бәсекелесімізден қара үзіп кете алмағанымызға деген өкініш те жоқ емес, әрине. Бірақ, биылғы біріншілікте көпке дейін көш бастаған "Қыранның" айтарлықтай мықты команда екенін де мойындауымыз керек.

Оның үстіне, келесі турда біздің команда "Ақтөбе Жаспен" үйде ойнайтын болса, шымкенттіктер өз алаңында көшбасшы команда - Көкшетаудың "Оқжетпесін" қабылдайды. Ендеше, командамыздың Премьер-лигаға тікелей шығып кетуге мүмкіндігі әлі де үлкен.

Командамызға қолдау білдірейік!


г. Тараз, ул. Абая, 113

+7(7262) 45 36 59, fc_taraz@mail.ru

© 2018 | ФУТБОЛЬНЫЙ КЛУБ "ТАРАЗ"