25 Тамыз 2017

ФУТБОЛ: "ТАРАЗ" - "ЕРТІС" ОЙЫНЫНАН НЕ КҮТІЛЕДІ?

 Фото Айбола Карашева.

Қазақстан премьер - лигасының 25 тур ойындары осы аптада өтеді. Бұл бəсекеде "Тараздықтар" өз алаңында Павлодарлық "Ертіс" командасын қабылдайтындығы белгілі. Бұл ойынға қазір қос команда да тыңғылықты дайындалуда. Өйткені, Тараздықтарға турнир кестесінің жоғарғы бөлігіне шығу үшін үш ұпай ауадай қажет. Ал алдыңғы ойында "Тараздан" жеңілген "Ертіс" қалайда есе қайтаруға тырысатындығы анық. Енді сəл кері шегінсек, биылғы Қазақстан чемпионатында бұл екі команда екі рет жолы түйісті. Алғашқы ойын үстіміздегі жылдың 12 сəуірі күні Павлодар қаласындағы орталық стадионда өтіп, "Ертіс" командасы өз жерінде "Таразды" 5:2 есебімен жеңген еді. Қарымта ойын, 18 маусым күні Тараз қаласындағы орталық стадионда өтті. Ол матчта "Тараз" футболшылары қонақтар қақпасына жауапсыз екі гол соғып жеңіске жеткен. Демек, алдыңғы екі ойындағы екі команданың бəсі түгел. Енді міне, осы екі қарсылас үшінші рет кездеспекші. Бұл тұрғыда алдағы ойыннан не күтіледі. Қазір Павлодарлық команданың ойын жүйесінде бірқатар жаңа өзгерістер бар. Себебі: алдыңғы екі ойында "Ертісті" Болгариялық футбол маманы Д. Димитров жаттықтырса, бұл ойынға енді мүлдем жаңа бапкер Вячеслав Грозный бастап келеді. "Ертіске" жаңадан тағайындалған Украин бапкерінің Ресей, Украина, Болгарияның бірқатар футбол клубтарында жұмыс істеген үлкен тəжірибесі бар. Тіпті, кезінде ол Қазақстандық "Тобыл" командасын да алға сүйреген. Міне, осыған қарасақ қонақтар осал емес. Оның үстіне "Ертіс" командасы 5 дүркін Қазақстан чемпоны, 2 рет ел кубогын жеңіп алған. Қазіргі таңда да премьер - лиганың 4 орнында келеді. Бірақ, қарсылас қанша мықты болғанымен "Тараз" командасы оған қарап отырмайды. Қазір жерлестеріміз ойынға соңғы дайындықтарын пысықтауда. Себебі, Ваит Талгаевтың да "Ертіс" ойынына қарсы қолданатын өз тактикасы бар. Ендеше, бұл ойында Талгав жасыл алаңға бірден Моррис пен Мане жұбын шығаруы мүмкін. Ал орта алаңнан пас беруші негізгі күш Диарраға түседі. Екінші таймда алаңнан Еркебұлан Сейдахмет пен Жақып Қожамбердіні де көріп қалуымыз мүмкін. Ендеше, алдағы сенбі кешінде бізді қиын да қызықты матч күтіп тұр. Ойын Тараз қаласындағы орталық стадионда өтеді. Басталу уақыты кешкі сағат 19:00.

Читать далее