"ТАРАЗ" ӨЗ АЛАҢЫНДА ЖЕҢІЛІС ТАПТЫ

Бүгін премьер - лиганың 23 тур ойындары өтті. Бұған дейін хабарлағанымыздай бұл сында Тараздықтар алыстағы Орал жерінен келген "Ақжайық" командасын қабылдап, 0:1 есебімен жеңіліс тапты. Алайда, бұл Жамбылдық командада мүлдем мүмкіндік болмады деген сөз емес. Əсіресе матчтың бірінші таймында "Тараз" шабуылшысы Малик Манеде үш керемет мүмкіндік болды. Бірақ бұл жолы сəттілік серік болмады. Маненің тепкен добы бірде қақпа бағанасына тиді, енді бірде қақпашыға тиді. Алайда, футболда сен ұрмасаң саған ұрады деген қағида бар. Сол бүгін шындыққа айналғандай. Өйткені, екінші таймда да "Тараз" ойыншыларына көптеген мүмкіндік болды. Олар бірде алдыға пас бермеді, енді бірде дұрыс шабуыл жасамады. Осының салдарын, "Тараз" қорғаушыларының өрескел қателігін қонақтар жақсы пайдаланып кетті. Яғни, олар матчтың 72 минутында есеп ашты. Гол авторы: Дмитрий Шмидт болатын. Одан ары біздің команданың есепті теңестіруге мүмкіндігі де болмады. Алаңға Моррис орнына шыққан жас шабуылшы Сейдахмет те бүгін өз командасына көмектесе алмады. Сонымен қорытынды есеп: 0:1. "Ақжайық" командасы Жамбыл жерінен үш ұпайды арқалап кетті.

"ТАРАЗДЫҢ" ҚОСАЛҚЫ ҚҰРАМЫ (ДУБЛЬ) "ҚАЙРАТТЫҢ" ҚОСАЛҚЫ ҚҰРАМЫНАН ЖЕҢІЛДІ

Қазақстанның екінші лигасы ойындары аясында Алматы қаласына қонаққа барған Тараз жастары алаң қожайындарына 3:0 есебімен есе жіберді. Осы матчтан кейін екінші лиганың турнир кестесінде екінші орында келе жатқан "Қайрат - U21" командасы 43 ұпай еншілесе, Тараздықтарда 36 ұпай бар. Олар да негізгі құрам секілді 6 орында келеді. Жерлестеріміз келесі ойынды 18 тамызда өз алаңында "Оқжетпес - U21" командасына қарсы өткізеді.

ҮШІНШІ АЙНАЛЫМНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОЙЫНЫ

 

Футболдан Қазақстан премьер- лигасының үшінші айналым ойындары осы аптада басталады. Бұл чемпионаттағы күрделі әрі шешуші кезең. Өйткені, командалар үшін өтетін ойындар саны да жиілейді. Оның үстіне бұрын уақыт бар деп жайбарақат жүрген барлық ұжым енді қамшыны басады. Өйткені, премьер -лигадан кім ұшады, кім үздік алтылыққа енеді, кім өтпелі кезеңде қалады осы турларда шешіледі. Әзірге турнир кестесінде алтыншы орында келе жатқан Тараздықтар үшінші айналымда 11 ойын өткізсе, оның 6 ойынын өз алаңында қабылдайды. Тіпті, өз алаңында еш ұтылмай, өзге алаңдарда тең түскеннің өзінде біздің командаға биіктен көрінуге үлкен мүмкіндік бар. Алайда, оны уақыт көрсетеді. Ал, осы жексенбі 13- ші тамыз күні "Тараз" өз алаңында Оралдық "Ақжайық" командасын қабылдайды. Матч Тараз қаласындағы орталық стадионда өтеді. Басталу уақыты: 19:00.

 

Қайғырып көңіл айтамыз

"Тараз" кəсіпқой футбол клубының ұжымы команданың белді ойыншысы Евгений Шипициннің əкесінің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Бұл қаза бəріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Біздің ұжым бұл хабарды ауыр қабылдады. Орнында бар оңалар деген, ол кісінің артында қалған ұрпақтарына амандық тілейміз.

 

«ТАРАЗ» ФК ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҮШІНШІ КЕЗЕҢІНЕ ДАЙЫНДАЛЫП ЖАТЫР

Фото Айбола Карашева.

Футболдан Қазақстан премьер- лигасы ойындарының екінші айналымы мәресіне жетті. Оның қорытындысы бойынша «Тараз» командасы 12 ші орыннан 6 орынға көтерілді. Енді Жамбылдық жерлестеріміз үшінші айналымға дайындалып жатыр. Футболдан Қазақстан премьер – лигасының 2017 жылғы маусымында «Тараз» командасы бірінші лига ойындарына дайындалғаны белгілі. Алайда, Шығыс Қазақстандық «Алтай» командасын ел біріншілігінен алыстатқаннан кейін, оның орнына чемпионатқа «Тараз» командасы қайта қосылды. Осыған байланысты бірінші лигаға дайындалып жатқан Жамбылдықтар өздерінің ойын жүйесі мен тактикасын өзгертуге тура келді. Алайда, премьер –лиганың бірінші айналымында Тараздықтарға оңай болған жоқ. Олар 17 матчтың біреуінде ғана жеңіп, 4 ойынды тең ойнады, ал 12 ойында жеңілістің ащы дәмін татты. Бірақ, екінші айналым матчтарында «Тараз» командасының жағдайы біртіндеп жақсара бастады. Бұл бірінші кезекте дұрыс футболшылдар таңдап, ойын жүйесін құра білген бас бапкер Ваит Талгаевтің еңбегі. Себебі, екінші айналымда біздің команда 6 рет жеңіске жетсе, оның 3 сырт алаңда болатын. 2 рет тең ойнаса, 3 рет жеңіліс тапты. Алайда, «Тараз» командасы екінші айналымда чемпионаттың лидерлері «Астана», «Қайрат» және «Ордабасы» командаларына ғана ұтылды. Сөйтіп, команда 20 ұпай жинады. Сонымен «Тараз» командасы жалпы саны 27 ұпайды иеленді. Осы маусымда «Тараз» командасы тағы да футболға бірнеше жаңа есімдерді алып келді. Мәселен: жас ойыншы Бақтияр Зайнутдинов 3 гол соқса, Руслан Мухаметшин де үш гол салды. Дәл осындай көрсеткіш, Моррис пен Фещукта да бар. Ал, Жамбылдық Абзал Таубай мен Еркебұлан Сейдахмет те гол соғып көзге түсті. Кеше келген, Маненің де гол соққанын көрдік. Осылай, екінші айналымды сәтті аяқтаған «Тараз» командасы қазір қысқа мерзімді демалыста. Демалыс аяқтала салысымен олар 12 тамызда Тараз қаласында өтетін «Ақжайық» командасына қарсы ойынға дайындалатын болады. Демек, алда жерлестерімізді үшінші айналымның шешуші де қиын ойындары күтіп тұр...

 

«АСТАНА» ФУТБОЛ КЛУБЫН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!!!

«Тараз» кәсіпқой футбол клубы «Астана» командасын Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтуімен құттықтайды. Сіздердің командаларыңыз осымен қатарынан үшінші жыл кәрі құрлық төріндегі айтулы доп додасында үздіктер қатарынан табылды. Бұл «Астана» командасы футболшыларының кәсіби түрде футбол ойнай алатын ұжым екендігін көрсетеді. «Астана» футбол клубының ұжымын осы жарқын жеңісімен құттықтай отырып, Елордалық команданың ел мақтанышы екендігін айтқымыз келеді. Және бүгінгі «Астана» командасы Қазақстанның барлық клубтарына үлгі деп білеміз. Ендеше, ел қуантар жеңістеріңіз көп болсын!

 

"ТАРАЗ - U21" КОМАНДАСЫ СЫРТ АЛАҢДА ТЕҢ ОЙНАДЫ

Футболдан Қазақстанның екінші лигасы ойындары аясында Жамбылдық "Тараз - U21" командасы сырт алаңда Қызылордалық "Қайсар - U21" командасымен ойнап, тең ойын нəтижесін көрсетті. Қорытынды есеп 1:1. Соңғы ойындарда тек жеңіс тойын тойлап жүрген Пак шəкірттері бұл жолы да қарап қалған жоқ. Осы ойыннан кейін Тараздықтарда 31 ұпай, өз тобында үздік алты команданың сапында.

"ТАРАЗ" ФК БАС БАПКЕРІ ВАИТ ТАЛГАЕВ "ШАХТЕР" - "ТАРАЗ" ОЙЫНЫНА БАҒА БЕРДІ

Картинки по запросу ваит талгаев

Ойын қиын жағдайда өтті. Себебі біз алты ұпай үшін ойнадық.Себебі бірінші алтылыққа ену үшін бізде де, "Шахтерде" де мүмкіндік бар болатын. Бұның барлығы да алда болатын "Оқжетпес" пен "Қайсар" ойынына байланысты болады. Футболшылар бүгін ерлік көрсетті. Оның үстіне өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қысқа мерзімді демалыс алдында ойнау да оңай емес. Дегенмен, біз алдымызға жеңіске жету жөнінде мақсат қойдық. Енді біздің демалыс жақсы көңіл күймен басталатын болды. Ойыншыларыма ризамын.  Олар нағыз ойын көрсетті, өздерінің ер мінездерін танытты.

"ШАХТЕР" - "ТАРАЗ" 0:1 МОРРИС МҮЛТ КЕТПЕДІ

Футболдан Қазақстан премьер- лигасының 22 тур ойындары да өтті. Бұған дейін де хабарлағанымыздай бұл сында Жамбылдық "Тараз" командасы кеншілер қаласы Қарағандыға барып, "Шахтер" командасымен кездесу өткізді. Бұл матч 0:1 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Ойынның алғашқы минуттарынан ақ алаң қожайындарының басымдығы байқалды. Шахтерлік Милон Стояновичтің тура соққысын Логиновский дер кезінде қайтарып үлгерді. Тараздықтар да өз кезегінде Шацкий қорғаған қақпаның беріктігін сынап көрді. Əсіресе, Фещуктің тура тепкен добын Қарағанды қақпашысы қайтарып үлгерді. Ойынның отызыншы минутында Мəлік Манеде керемет гол ұратын мүмкіндік болғанымен, доп қақпа бағанасынан кері қайтты. Бірінші таймның соңына қарай Шахтерлік Хижниченконың қақпаға ұмтылған сəтінде, қорғаушы Воротников сəтті ойнап, допты алаң сыртына шығарып жіберді. Сонымен бірінші таймда жанкүйерлер ешқандай гол көре алмады. Екінші таймда "Шахтер" шабуылшылары алма кезек қарымта шабуылдарға шығып отырды. Тіпті, бірнеше қауіпті соққылар да жасап үлгерді. Алайда, "Тараз" қақпашысы Логиновский ерлік көрсетті. Ол бірде - бір соққыны жіберген жоқ. Есесіне екінші таймның соңында "Тараздықтар" ойынды қолға алып, 83 минутта есеп ашты. Горбанец сол қанаттан өзінің сүйікті əдісімен Морриске əдемі пас шығарған. Моррис мүлт кеткен жоқ. Баспен Шацкий қорғаған қақпаны тулатып түсірді. Бұдан ары Қарағандылықтардың есепті теңестіруге мүмкіндігі де болған жоқ. Сонымен, сырт алаңдағы кезекті жеңісінен кейін "Тараз" командасында 27 ұпай болды. Жерлестеріміз турнир кестесіндегі жайдайын біртіндеп жақсартып келеді.

"АСТАНА" КОМАНДАСЫН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

 

"Тараз" кәсіпқой футбол клубының ұжымы "Астана" футбол командасын Еуропа лигасы аясындағы Польшаның "Легия" командасымен болған ойындағы жарқын жеңісімен құттықтайды. Тек стадиондағы мыңдаған адам ғана емес, көгілдір экран арқылы миллиондаған адам сіздердің ойындарыңызды тамашалап отырды. Өз кезегінде Астаналықтар жылдам әрі тактикалық, бір сөзбен айтқанда нағыз Еуропалық үлгідегі футбол көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймыз. "Астана" командасына алдағы ойындарда тек сәттілік тілеп, Қазақстан атын бұдан да биік белестерден көрсететініне сенімдіміз!

 

СЕНБІ КҮНІ "ШАХТЕР" ӨЗ АЛАҢЫНДА "ТАРАЗДЫ" ҚАБЫЛДАЙДЫ

 

Осы сенбі кеші Қазақстандық футбол жанкүйерлері үшін тағы да қызықты мачттармен есте қалатын болады. Өйткені, бірқатар жоғарғы лига клубтары 22 тур ойындарын өктізеді. Бұл сында Жамбылдық "Тараз" командасы Қарағанды қаласына қонаққа барып, "Шахтер" командасымен кездеседі деп күтілуде. Ойын Қарағанды қаласының орталық стадионында 18:00 де басталады. Екі команданың да турнир кестесіндегі деңгейі әзірге бірдей. Осыған дейінгі ойындарға келсек, Биылғы премьер- лиганың бірінші кездесуінде, яғни, 8 наурыз күні "Тараз" өз алаңында "Шахтер" командасын қабылдап, екі команда 0:0 есебімен тең тарқасқан болатын. Енді, сол екі қарсылас тағы да кездесетін болады. Ендеше, 29 шілде күні жерлестерімізге тек жеңіс тілейміз!

 

Ваит Талгаев. "Тараз" ФК бас бапкері

Ойын қиын болғандығын айтуымыз керек. Алайда, бірінші таймның қосымша уақытында сəтті гол соға білдік. Сосын сол есепті қалай болсада ұстап тұруға тура келді. Бұл біздің ұстанымымыз болатын. Бізде қазір құраммен үлкен проблема болып тұр. Бабаханов, Зайнутдинов пен Таубайдың жарақаты қиын. Жəне командадан тағы да жарақатпен шығып қалғандар бар. Сонда да жеңіске жеткен ойыншыларыма ризамын. Олармен мен мақтанамын.

СЫРТ АЛАҢДАҒЫ КЕЗЕКТІ ЖЕҢІС

"Тараз" командасы Көкше жеріне барып, "Оқжетпес" командасымен кездесу өткізді. Бұл матч біздің команданың жеңісімен аяқталды. Есеп 0:1. "Тараз" соңғы үш ойында екі жеңіс пен бір тең ойынның арқасында 7 ұпай иеленіп отыр. Бұл біздің команданың турнир кестесіндегі жағдайын жақсартатындығы сөзсіз. Енді ойын жағдайына келсек, матчтың бірінші таймында "Оқжетпес" командасы бірнеше мəрте соққы жасады. Алаң қожайындары болғандықтан олар басымдық танытты. Логиновский қорғаған қақпаны бірде Шафф, енді бірде Козлов сынды футболшылар соққының астына алды. Дегенмен, ол еш нəтижесіз соққылар еді. Алайда, Тараздықтар бірінші таймның соңына таман ойынды қолға алды. Нақтырақ айтқанда, матчтың 46 минутында Горбанец көтерген əдемі пасты кеудемен тоқтатып, голға айналдырған Малик Мане болатын. Бұл Маненің биылғы маусымда "Тараз" сапындағы алғашқы голы. Екінші таймда алаң қожайындары қалай да есепті теңестіруге тырысқан. Бірақ, қанша соққы жасағанымен Тараздың тас қамал қорғанысын олар бұза алмады. Тіпті, Көкшетаулықтар тəжірибелі ойыншы Əлібек Бөлешовты да алаңға шығарды. Ол да нəтижесіз. Осылай, былтырғы жылғы Тараздың үздік сұрмергені Маненің биылғы бірінші соққан голының арқасында "Тараз" жеңіске жетті. Естеріңізде болса, үстіміздегі жылдың 6 мамыры күні Тараз қаласында өткен алғашқы ойында 0:1 есебімен "Оқжетпес" командасы бізді жеңіп кеткен еді. Енді мііне, Жамбылдықтар сол есені қайтарып отыр. Енді "Тараз" командасының қоржынында 24 ұпаймен турнир кестесінде 7 орынға тұрақтап отыр.

"Тараз - U21" - "Ертіс - U21" 2:1

Футболдан Қазақстанның екінші лигасы аясындағы ойындар барысында Павлодарлық қосалқы құрамды қабылдаған Жамбылдық жерлестеріміз 2:1 есебімен жеңіске жетті. Пак шəкірттерінің жарқын жеңісі арқасында олар енді турнир кестесіндегі жоғарғы орындардың біріне көтерілді. Ойында соғылған гол авторлары: Санжар Нұрлыбаев (Тараз), Диас Сабыров (Тараз) жəне Руслан Іргебаев (автогол)