«Қайсар» - «Тараз»: матч алдында
1 шілде күні ұзақ үзілістен кейін қайта жанданған Olimpbet футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті туры аясында «Тараз» сырт алаңда қызылордалық «Қайсар» клубымен кездеседі.
Сыр елінің командасы «Тараз» үшін тегеурінді қарсылас болғалы тұр. «Қайсар» біріншілік басында 2 тур өткеріп, екеуінде де жеңіске жетті. Дегенмен, бір матчтың қорытындысы есепке алынбады. Себебі, екі жеңістің бірі чемпионаттан шет қалған «Ертіс» клубынан болатын.
Чемпионаттың мәжбүрлі түрде тоқтатылған кезеңінде негізгі құрамның бірнеше ойыншысынан айрылып қалды. Олар – қақпашы Александр Григоренко, қорғаушы Алексей Шумский және жартылай қорғаушы Иван Пешич. Алайда тәжірибелі бірқатар өзге де ойыншылар жеткілікті. Мәселен, Асхат Тағыберген, Александр Колев, Режинальдо, Элгуджа Лобжанидзе секілді сақа ойыншылар командаға көмектесуге қауқарлы.
Осы бір үзіліс кезінде «Қайсар» бірінші лига командасы «Байқоңырмен» екі жолдастық кездесу өткізіп, нәтижелі жеңіске қол жеткізе алды. Таблода 9:0, 5:3 есептері тіркелген болатын.
Тараздық команда да бірнеше жолдастық матчтар өткізді. Атап айтқанда, алматылық «Қайратпен» қос кездесу болды. Бірінде тең тарқасса (2:2), бір кездесу 0-1 есебімен алматылықтардың пайдасына аяқталды. Жуырда ғана тағы бір тегеурінді команда шымкенттік «Ордабасымен» ойнап, қарсыластар жеңімпазды анықтай алмай тарқасты (1:1). Бұл көрсеткіштер біздің команданың «оңай шағылатын жаңғақ» емес екендігін байқатты.
Қазіргі кезде «Тараз» командасының қоржынында 3 ұпай бар. Чемпионат басында «Ордабасыны» 3:2 есебімен тізе бүктірген болатын. Жалпы команда негізгі құрамын сақтап қалды және біріншіліктің қайта жандануына толықтай дайын.
«Тараз» КФК баспасөз қызметі