Осыған дейін хабарлағанымыздай, «Тараз» футбол клубының қарамағында 2006-2007 жылы туған қыздар командасы құрылған болатын. Ұжымның бас жаттықтырушысы болып тағайындалған ҚР Ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Олеся Моисеенко бүгін клубтың баспасөз қызметінің сұрақтарына жауап берді.

 

- Олеся, біздің қалада әйелдер командасының құрылуы немен байланысты?

- Ең алдымен, бұл ұлттық футбол федерациясының талабы. Осылайша, республикада әйелдер футболының дамуын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Өздеріңізге белгілі, Ұлттық құрама түрлі ресми матчтарға қатысады, ал әйелдер арасындағы ел чемпионы жыл сайын Чемпиондар Лигасында ойнайды. Прогресс айқын – біз қазақстандықтардың халықаралық аренада сәтті өнер көрсетіп жүргендеріне куәміз. Бірақ мықты база мен негіз құру үшін жақсы дайындалған кадрлар қажет. Федерацияның шешімі де осыны меңзейді. Егер футбол барлық аймақтарда дамитын болса, қазақстандықтар көп ұзамай өзге  елдердің құрамаларымен бәсекелесе алатын деңгейде болады деп ойлаймын.

- Таразда әйел футболының келешегін қалай көресіз?

- Біздің қаладан республиканы әлемге әйгілі еткен көптеген жарқын және талантты футболшылар шықты. Тараз – нағыз спорт саңлақтарын шығаратын ең үздік ұстахана саналған. Біз бұл дәстүрлерді жалғастырғымыз келеді, бірақ әйелдер футболы тұрғысынан. Тараздың мықты футбол тарихы бар, сол себепті де әйелдер арасында лайықты ойыншыларды өсіруге болатынына күмән келтірмеймін. Алдағы уақыттың перспективасын айта келе, биылғы жылы біз 2006/2007 жылдардағы қыздар арасындағы республика біріншілігіне қатысуды мақсат етіп отырмыз және көшбасшы командаларға қарсы лайықты ойын көрсетіп, тойтарыс бере аламыз деп үміттенеміз.

- Біздің команданың біріншілікте ойнауға тәжірибесі жете ме?

- Командада бұрын-соңды чемпионатта өнер көрсеткен және әртүрлі жас категориясында чемпионатты жеңіп алған ойыншылар бар. Оның үстіне бұрын №5 облыстық спорт мектебінде қыздарға арналған футбол секциясы жұмыс істейтін, сол жерде біз өнер көрсеткен болатынбыз. Сондықтан да, біздің ойыншыларда белгілі бір деңгейде тәжірибе бар деп айтуға болады. Сондай-ақ, қазірде қыздарды командағы іріктеу жүріп жатыр. Бастысы,  бұрынғыдан өзгеше, жоғары деңгейде өнер көрсетеміз. Жаңадан ашылып жатқан біріншілік қызыққа толы сәттер сыйлап, ал біз өз кезегінде мол тәжірибе жинаймыз деп сенемін.

- Сіздің ойыңызша, жанкүйерлер әйелдер футболына қалай қарайды?

- Күмәнім жоқ, жанкүйерлер нәзікжандылардан құралған команданы жақсы көріп кетеді. Бүкіл әлемде әйелдер футболы үлкен танымалдылыққа ие. Еуропа мен әлем чемпионаттарында стадиондарында ине шаншар жер болмайды, халық лық толып отырады. Әйелдер командаларының ойынын қарау өте қызықты. Олардың арасында техникасы жағынан футболдан әлем жұлдыздарына есе жібермейтіндері де кездеседі. Сондықтан алда ересек әйелдер командасы құрылып жатса, біз үлкен қарсыластарымызды қабылдайтын боламыз, сәйкесінше матчтарға көпшілік қызыға бастайтыны анық. Өйткені, әйелдер футболы шынайылығымен, эмоцияға толы ерекшелігімен көптің жүрегін жаулап ала алады.

«Тараз» ФК баспасөз қызметі

 


Joomla SEF URLs by Artio

г. Тараз, ул. Абая, 113

+7(7262) 45 36 59, fc_taraz@mail.ru

© 2019 | ФУТБОЛЬНЫЙ КЛУБ "ТАРАЗ"