Тараз топырағынан түлеп үшқан талай теңбіл доп шебері халықаралық, республикалық біріншіліктерде атой салып, алаңның шаңын қақпаса да, шеберлігін паш етіп келеді. Сондай даңқты футболшылардың бірі, Қазақстан футболының аңызы Сейілда Байшақов. Таразда Сейілда Икрамұлының 70 жас мерейтойына және «Тараз» футбол клубының құрылғанына 60 жыл толуына орай жолдастық кездесу өтті. Алматылық «Қайрат» пен жергілікті «Тараз» командасының ардагер ойыншылары өзара кездесіп, аяқ жазып қайтты.

 

Матч алдында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кездесуге қатысушыларға сәттілік тілеп, жамбылдық футбол мектебінің шебер ойыншылар шығара білетін «ұстахана» екендігін жеткізді. -Оның айқын көрінісі – Сейілда Байшақов, - деді облыс басшысы. – Ол Қазақстан футбол тарихындағы жарқын ойыншылардың бірегейі. Көптеген жанкүйердің көзайымына айналып, ойын мәнері талай жастардың футболға келуіне үлкен әсер етті деп есептеймін. Оның ізін басып бүгінде Бақтияр Зайнутдинов, Бауыржан Исламхан, Еркебұлан Сейдахмет секілді жастар шығып жатыр. Жолдастық кездесуге алаңға шыққалы тұрған ардагерлердің көбі жамбылдық футбол мектебінің түлектері екендігін көріп тұрмыз. Олардың жартысы республиканың сол кездегі басты командасына шақырту алған ойыншылар болатын, - деп Тараздың футбол мектебнің тегеурінділігін атап өтті.

Матч алдында облыс әкімі мерейтой иесі Сейілда Икрамұлыны құрмет көрсетіп құттықтап, шапан жапты. Сонымен қатар, «Тараз» футбол клубының 60 жылдығымен құттықтап, арнайы сый жасады. Ардагерлер арасындағы жолдастық кездесуді ашып, Бердібек Сапарбаев пен Сейілда Байшақов допты ойынға қосып берді.

Бұл матчта кімнің қайда ойнағанын таныстыруды қажет етпейтін Қазақстан футболының танымал ардагер ойыншылары алаңға шықты. «Тараздың» қазіргі бас бапкері Владимир Никитенко, Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бұрынғы бас бапкері Сергей Тагиев, ардагерлер арасында Азияның және Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Александр Мазманян, Қазақстанның екі мәрте чемпионы, Кубок иегері Қайрат Айменов, «Тараздың» үздік сұрмергендерінің бірі болған Анатолий Бельский, Нұрмат Мырзабаев, Ерлан Елеусінов, Асқар Күшекбаев, Сергей Пак секілді футболшылар ойын көркін қыздырды. Ал тәжірибелі Ваит Талгаев пен Виктор Катков бапкерлік міндетін атқарды.

Кездесудің алғашқы бөлігінде алаң иелері есеп ашып, тайм соңына таман есепті еселей түсті. Инаят Қрықбаевтың қос голы осылайша «Таразды» алдыға шығарды. Дегенмен кездесудің келесі таймында «Қайрат» ардагерлері қайрат көрсетіп, ойын тізгінін өз қолына алғандай болды. Сергей Тагиев, Нұрмат Мырзабаев, Сергей Пак, Анатолий Бельский кезекпе кезек гол соғып, алаң қонақтарын 2:4  есебімен алға шығарды. Бұдан кейін жамбылдықтар ерлеп сала берді. Алмасхан Лепесов қапталдан көтерілген әуедегі допты қақпаға  баспен бағыттап, мергендігін танытса, Инят Қрықбаев бұл кездесуде хэт трик жасап, таблодағы көрсеткішті теңестірді. Тіпті Берік Ускембаев «Таразды» есепте алдыға алып шықты. Дегенмен, матч аяқталар тұста ойын ережесі бұзылып, алаң қонақтарының пайдасына 11 метрлік айып соққысы берілді. Мүмкіндікті мүлт жібермеген 70 жастағы Сейілда Байшақов допты қақпаның төмен бұрышына бағыттай салды. Қорытынды есеп 5:5! Таблодағы көрсеткіш жолдастық матч екенін аңғартса, бір жағынан ардагер футболшылардың әлі де болса тың әрі шеберлігі бабында екендігін көрсетті.

Ойыннан кейін әсерімен бөліскен Сейілда Байшақов жерлестеріне зор алғысын білдірді. – Осылай құрмет көрсетіп, кездесу ұйымдастырған облыс басшылығына, «Тараз» клубына үлкен рахмет. Соның арқасында барлығымыз қайта жиналып, өткен тамаша кезеңді қайта еске түсіріп жатырмыз. Ол шақта бүгінгі алаңға шыққан жігіттерден бөлек, басқа да мықты футболшылар болды. Мәселен, футбол мэтры Тимур Сегізбаев... Бүгінде Ұлттық құрама намысын қорғап жүрген біздің түлектеріміздің қатары көп екеніне шын қуанамын. Бұл үнемі жалғасын таба береді деп сенемін, - деді.

«Тараз» кәсіпқой футбол клубының басшысы Талғат Тұрлыбайұлы қазақ  футбол тарихындағы үздіктердің бірі болған Сейілда Байшақов қандай құрметке болса да лайық екендігін айтты. – Жас кезімізден оның ойын мәнеріне тәнті болып өстік. Ол бүгінгі кездесуде де маңызды гол авторы атанып, шеберлігін көрсетті. Ойынға келіп қатысқан басқа ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Бүгінгі жолдастық матчты клубтың 60 жылдығымен байланыстырып отырмыз. Кеңес одағы кезінде таныла бастап, Тәуелсіздік алғалы чемпионаттың жеңімпазы, екі рет күміс жүлдегер және Кубок иегері атанды. Қазіргі кезде клуб стадионы УЕФА талаптарына сәйкес келеді. Клуб құрылымында мықты база, футбол орталығы жұмыс жасап тұр. Ол жерден өңірдің бас командасы мен ұлттық құрамаға лайықты ойыншылар даярланып келеді. Оның бір дәлелі мәскеулік ЦСКА сапындағы Бақтияр Зайнутдинов, Біріккен Араб Әмірлігі командасы «Аль-Айн» қатарындағы Бауыржан Исламхан, жас та болса мамандардың жоғары бағасын алған Еркебұлан Сейдахмет секілді басқа да ойыншыларды атап өтуге болады.

Кеңес одағы кезінде Жамбылдық клуб сапында 400-ден аса матч өткізіп, 100-ден аса гол соққан Қаратау тумасы Анатолий Бельский кездесуге шақыру келгенде ойланбастан қабыл алғанын айтты. -  Үлкен өмірге жолдама берген клубты құрмет тұтұандықтан, көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған Сейілда Икрамұлын сыйлағандықтан келіп қатысуды құп көрдім. Бізге осындай мереке сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, - деді. Ал Виктор Катков Сейілда Байшақовтың «әуе патшасы» болғандығын айтады. –Ол алаңда сенімді әрекеттер жасайтын ойыншы ретінде есте сақталады. Дұрыс позиция таңдау, уақытын секіру, әуеде «қалықтап тұру» - оның басты құралдары болатын. Осынысымен миллиондаған жанкүйер жадында жатталғаны анық, - деді.

Бұрын алаңда С.Байшақовпен бірге ойнаған қазіргі «Тараздың» бас бапкері Владимир Никитенко қайта бір жейдеде өнер көрсеткеніне қуанышты екенін жасырмады. –Футбол барлығымызды біріктіреді. Ардагерлер арасында турнирлер, осындай кездесулер ұйымдастырылып тұратыны қандай жақсы! Балалар мен жасөспірімдер футболы да жүйелі дамып келе жатқанын көріп жүрмін. Барлығын салауатты өмір салтын сақтауға әрі футбол ойнауға шақырамын, - деді.

Ия, бұл күні әдемі голдар соғылды, әсерлі эмоция да болды. Тек жанкүйер жетіспеді. Елдегі қазіргі ахуалға байланысты көрермен жинауға рұқсат жоқ болғандықтан «он екінші ойыншының» қолдауы ғана жетіспеді. Ол күнге де жетерміз!

«Тараз» КФК баспасөз қызметі

 


Joomla SEF URLs by Artio

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

22/10/2020 | Көргендер саны:10 | КЛУБ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Джорахон Бабаханов: Командадан, барлық жанкүйерлерден кешірім сұраймын

«Тараз» қақпашысы «Қызылжар» командасымен ойында сәтсіз өнер көрсетіп, қарсыластың гол соғуына мүмкіндік беріп қойған болатын. Клубтың баспасөз қызметіне сол сәт туралы пікірімен бөлісті.

22/10/2020 | Көргендер саны:10 | КЛУБ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

МАҢЫЗДЫ МАТЧТА КЕТКЕН ЕСЕ

Ел чемпионатының кезекті турында «Тараз» петропавлдық «Қызылжарға» есе жіберді – 0:1

28/09/2020 | Көргендер саны:66 | КЛУБ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

"Тараз" бас бапкері Владимир Никитенко "Тобылмен" өткен матч туралы пікір білдірді

-Бұл матчың бірінші таймы туралы не айтасыз?

20/09/2020 | Көргендер саны:62 | КЛУБ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

"Тараз" футбол клубы клубтың спорттық директоры Нұртас Кургулинді туған күнімен құттықтайды! 34 жастағы Нұртас Мәлікұлы спорттық мансабын 2005 жылы бастады. Ол әр жылдары "Тараз", "Тобыл" командаларында ойнап, 230-дан аса матч өткізді. Ұлттық құрама сапында екі кездесуде алаңға шықты. 2011 жылы Қазақстан біріншілігіндегі үздік 33 ойыншы қатарына еніп, екінші сатыдан көрінді.

г. Тараз, ул. Абая, 113

+7(7262) 45 36 59, fc_taraz@mail.ru

© 2020 | ФУТБОЛЬНЫЙ КЛУБ "ТАРАЗ"