«Тараз» командасының өзі аттас қалада орналасқан орталық стадионы негізінен жергілікті матчтар өткізілетін футбол алаңы. Ол 1936 жылы қарапайым ғана картоп плантациясының орнында салынған. Ол кезде сатдион тек футбол ойнауға ғана арналды. Және үлкен дуалмен қоршалған болатын. 1939 жылы Кеңес қоғамы еңбек пен қорғаныс саласына назар аударған тұста футбол алаңына парашюттік мұнара соғылды. Одан кейін соғыс басталды. Тіпті, сол соғыс кезіндегі жеңіс үшін Жамбылдықтардың көбісі майданға аттанып, ел қорғау жолында жүрсе де орталық стадионда түрлі спорттық іс-шаралар жүргізіліп тұрды.  Соғыстан кейін, 1948 жылы футбол стадионы күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. Спортшылардың жүгіру алаңы салынып, орталық стадионның мүмкіндігі тек футболға ғана емес, жеңіл атлетикамен айналысушыларға да пайдалы болды. Сонымен қатар, осы жөндеу кезінде қақпаларды орналастырудың дұрыс бағыты назарға алынды. Осы кезде көрермендер үшін ағаштан жасалған отыру конструкциясы іске қосылды. Оған бір мезетте 10 мың адамға дейін сиятын мүмкіндік пайда болды. Алайда, бұл уақытша ғана болатын. Сол тұста болашақта стадионда көрермендерге арналған тұрақты орындар жасалынады деп жоспарланды. 1972 жылға дейін стадионда кешкі кездегі жарықтандыру мәселесі шешілмеген еді. Сондықтан да ол кезде барлық спорттық іс-шаралар күндізгі уақытта өткізілді. Мұнда тек футбол ғана емес, өзге де спорт түрлерінен жарыстар жиі өткізіліп тұратын. Мәселен: 1972 жылы атақты Чехославакиялық каскадерлер облыста үлкен шоу өткізді. Бұл «Авто - Родеоға» 40 мыңнан астам көрермен келді. Бұл тарихи сәт, стадионның адам ең көп келген сәті ретінде тарихта қалды. Дәл осындай форматтағы шоуды он жыл өткенде Польшалық спортшылар ұйымдастырды. Бірақ, ол кезде стадионға 20 мыңдай адам жиналған еді.  1975 жылы өңіріміздегі Химия өндірісі өз дамуының шарықтау шегіне жеткен тұста орталық стадионды тағы да жөндеу мүмкіндігі пайда болды. Енді, бұрынғы ағаш орындықтардың орынына темірден жасалған орындықтар қойылып, бетоннан құйылған бұрыштар пайда болды. Осының арқасында футбол ойынын бір мезетте 16 мың адам тамашалуға мүмкіндік алды. Ардагерлердің айтуынша стадион ол кезде жиі жанкүйерлерге толатын болған. Тіпті, кей кездерде адам симай аншлаг болатын. Жанкүйерлер футбол көру үшін жүгіру жолағында да отыра беретін. Осындай сәттерде 30-40 мың адамдай жиналатын болған. Осы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін біздің футбол алаңы тек облыстық іс-шаралар ғана емес, Жамбылдық табиғаты әсем болғандықтан Ресейдің Сібір өлкесінің командалары да бізде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұратын. Ал, егер өңірде қатты қыс болған жағдайда стадионда сырғанау алаңы жасалатын. Орталық стадионның мүмкіндігі тек футболшыларға ғана емес, өзге де спортшыларға ұнады. 1979-90 жылдары мұнда бүкілодақтық садақ атудан жарыстар өткізілді. Осында КСРО-ның ең мықты спортшылары оқу-жаттығуда жүрді.  Ал, 2002 жылы Орталық стадион тағы да күрделі жөндеу жұмыстарына жабылды. Бұл тарихи Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойына байланысты өткізілген еді. Ескі орындықтардың барлығы жаңа пластиктермен ауысты. Осыған байланысты отыратын орындықтар саны 16 мыңнан 15527 адамға дейін қысқарды. Жүгіру жолақтары синтетикалық заттардан жасалып, қайтадан төселді. Жалпы, орталық стадионның газоны еліміздегі ең мықты жасыл төсеніштердің бірі болды. Қазір де орталық стадионның газоны республика бойынша алдыңғы қатардың бірінде. Ол стадионды қарап, оған жыл сайын күтім жасап отырған жандардың арқасы. Бірақ, стадионның өзге де жабдықтары ескірген еді. Сондықтан облыс басшылығы тарапынан стадионды жөндеуге деген қаржы кезең- кезеңімен бөлініп отырды.  2003 жылы стадионның бір бөлігінің төбесін жабу мен жарықтандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жаңа заман талабына сай жарық беретін шамдар қойылды. Бұл УЕФА –ның барлық талаптарына сай жүргізілген жұмыстар болатын. 

 

Тараз қаласының орталық стадионында өткізілген ең есте қаларлық іс- шаралар легі.

 

1961 жылдың 27 сәуірі. Қазіргі «Тараз» футбол клубының алдында болған «Металлист» командасы орталық стадионда КСРО чемпионатының ресми ойындары аясындағы «Б» сыныбында Грузияндік «Металлург» (Рустави) командасымен кездесу өткізді. Онда «Металлист» командасы әдемі ойын көрсетті. Стаион жанкүйерлерге толды. Алайда, лайықты қарсылық танытқан жерлестеріміз 2:3 есебімен есе жіберді. 

1971 жылы Жамбылдық «Алатау» командасы Пермьдік «Звезда» командасымен кездесті. Бұл ойынды көурге стадионға 12 мың адам жиналды. Осы жылдан бастап, КСРО құрамасының ардагерлері көрсеткіш ойындарын өткізе бастады. Жалпы, 2010 жылға дейін осындай алты кездесу ұйымдастырылды.

1980 -82-83 жылдары «Химик» командасы орталық стадионда социолистік елдер арасындағы халықаралық жолдастық кездесулер өткізді. Біздің көрсеткіштер мынадай: «Химик» Вьетнамды 2:0, Лаосты – 5:1 есебімен ұтып, КХДР –нан 1:3 есебімен жеңілді. Сонымен қатар, бізде маусым алдында «Химиктің» Алматылық «Қайратпен» кездесетін дәстүрлі матчтары да болды. Себебі, «Қайрат» командасы сол тұста Кеңес Одағының жоғарғы дивизионында ойнайтын.

1988 жылы орталық стадионға Жамбылдық «Химик» командасын қолдауға 25 мың адам жиналды. Бұл Өскемендік «Восток» командасына қарсы ойын болатын. Адамдар шыға берісте де тұрды. Осыдан кейін стадионға мұндай көлемдегі адамдар келген жоқ. 

1991 жылы біздің стадионда КСРО кубогының 1/16 финалдық ойындары өтіп, Жамбылдық «Химик» минималды 1:0 есебімен Днепропетровскінің «Днепр» командасын жеңіп кетті. 

Ал, 2004 жылы орталық стадионда Қазақстан куогы ойындарының финалы өтті. Осы матчта «Тараз» Алматылық «Қайратты» 1:0 есебімен жеңіп, тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет ел кубогын алған еді. Бұл кездесуде стадионға 13 мың адам жиналды. Сонымен қатар, тарихта бірінші рет жанкүйерлер стадионда футболдағы толқын жасады.

г. Тараз, ул. Абая, 113

+7(7262) 45 36 59, fc_taraz@mail.ru

© 2018 | ФУТБОЛЬНЫЙ КЛУБ "ТАРАЗ"